Енді ата-анасына шұғыл қызметтердің шығынын өтеу міндеттелуі мүмкін
Павлодарда жасөспірім бөтен телефоннан шұғыл қызметке қоңырау шалып, террорлық акт дайындалып жатқаны туралы жалған хабар берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқушы сыныптасының спорт залында қараусыз қалған ұялы телефонын пайдаланып, қоңырау шалған.
Полицияның анықтауынша, сол күні жасөспірім сабаққа кешіккен. Спорт залында сыныптасының телефонын көрген ол шұғыл қызмет нөміріне хабарласып, террорлық акт жасалуы мүмкін екенін айтқан. Кәмелетке толмаған бала өз әрекетінің салдары туралы ойланбағанын түсіндірген.
Полиция қызметкерлері қоңырау түскен нөмірді жедел анықтап, оқиғаның мән-жайын тексерген.
«Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кәмелетке толмаған бала заңды өкілдерінің кепілдігімен тапсырылды», – деді Павлодар қалалық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.
Полиция терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау қылмыстық құқық бұзушылық екенін еске салды. Мұндай әрекет үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұдан бөлек, жалған хабарламаны тексеру барысында шұғыл қызметтер жұмсаған шығын өтелуге тиіс. Бұл жағдайда қаражатты жасөспірімнің заңды өкілдерінен өндіріп алу мәселесі қаралады.
Құқық қорғау органдары ата-аналарды балаларына шұғыл қызмет нөмірлері тек нақты төтенше жағдайларда қолданылатынын түсіндіруге шақырды. Ойланбай жасалған бір қоңырау қылмыстық іске және елеулі қаржылық шығынға әкелуі мүмкін.