Бахрейн мен Ереваннан Мәскеуге ұшқан екі ұшақ Ақтөбеге шұғыл қонды

Мәскеу әуежайларының жабылуына байланысты екі әуе кемесі бағытын өзгертуге мәжбүр болған

Бахрейн мен Ереваннан Мәскеуге ұшқан екі ұшақ Ақтөбеге шұғыл қонды
Фото: istockphoto.com

Мәскеу әуежайларының жабылуына байланысты Бахрейн мен Ереваннан Мәскеуге бағыт алған екі ұшақ Ақтөбеге қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Диапазонға» сілтеме жасап.

Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайдың мәліметінше, ұшақтардың бірі Gulf Air әуе компаниясына тиесілі. Ол Бахрейннен Ресей астанасына бағыт алған. Екінші әуе кемесі Ереван – Мәскеу бағыты бойынша ұшып келе жатқан.

Ақтөбе әуежайы басқарма төрағасы Дастан Мәлиев екі ұшақтың да қонғанын растады.

«Иә, бізге Бахрейннен Мәскеуге бағыт алған ұшақ қонады. Сондай-ақ Ереван – Мәскеу рейсі де қонды. Бұған Мәскеу әуежайларының жабылуы себеп болды», – деді ол.

Ұшақтар әзірге Ақтөбеде уақытша тұр. Мәскеу әуежайларының жұмысы қайта жанданғаннан кейін рейстерін жалғастыра алады.

Мақалада
#Ақтөбе #ұшақ