Оқиға 9 қараша күні Әнет баба көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінде болған. Полиция қылмыстық іс қозғады
Астананың сол жағалауында төтенше жағдай болды. Куәгерлердің айтуынша, екі жасөспірім қыз көпқабатты үйдің 13-қабатынан секіріп кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорданың Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде таралған мәліметке сәйкес, оқиға 9 қараша күні кешке Әнет баба көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінде болған. Желіде тараған видеода оқиға орнында бірнеше полиция көлігі мен жедел жәрдем машиналары тұрғаны көрінеді.
Астана қалалық Полиция департаменті суицид дерегі бойынша ақпаратты растады. Алайда оқиғаның нақты мән-жайы мен қаза тапқандардың саны туралы мәлімет бермеді.
«Суицид дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп мәлімдеді Астана қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.