Әкесі қызын ернінен сүйген: Өскеменде елді дүрліктірген видеоға қатысты тексеру басталды

Автор: Алмас Ерсін

Видео әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшіліктің наразылығын тудырды

видеодан скрин

Өскемен полициясы әлеуметтік желілерде ер адам кішкентай қызын туған күнімен құттықтап, ернінен сүйген видео тарағаннан кейін тексерісті  бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Желіде жарияланған кадрлардан ер адамның қолына мерекелік торт ұстап, қызын үйде қарсы алғанын көруге болады. Туған күнімен құттықтаған ол қызын ернінен сүйген. Бұл видео Threads әлеуметтік желісінде қызу талқыланып, көпшіліктің наразылығын тудырды.

Кейін жазба авторы Өскемен полициясының қызметкерлері өзімен байланысып, видеоны өшіруді сұрағанын айтты.

«Маған Өскемен полициясынан қоңырау шалып, видеоны өшіруді өтінді. Мен оны өшірдім. Полиция бұл отбасын шынымен бақылауға алып, жағдайды анықтайды деп үміттенемін», – деп жазды автор.

Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті бұл деректің тіркелгенін растады.

«Аталған дерек полицияда тіркелді. Қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді ведомство.

Сондай-ақ тексеруге білім басқармасы мен жергілікті атқарушы органның қызметкерлері тартылған.