Павлодарлық оқушының грантына Гарвард университеті араласты: Айханым Оқасова оқуға түсті ме, жоқ па

Автор: Темірхан Айжан

Бұған дейін Павлодардың білім басқармасы Айханым Оқасованың Harvard Extension School-ға түскенін хабарлаған 

Фотоколлаж Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Гарвард университетінің әкімшілігі Павлодарда болып жатқан шудың нүктесін қойды. Бүгін Azattyq Rýhy редакциясының сауалына жауап берген олар 17 жастағы Айханым Оқасованың оқуға түспегенін хабарлады.

Бұған дейін павлодарлық оқушы Айханым Оқасова 2027 жылдың күзінен бастап Harvard Extension School-да оқуын бастайтынын айтып, желіде шақыртуын көрсеткен. Бірақ оның шынымен оқуға түскені күмән тудырып, толық стипендияны ұтып алғаны «жалған» деген пікірлер айтылды.

Сауалға жауап берген Гарвард университеті Өнер және ғылым факультетінің БАҚ-пен байланыс жөніндегі директордың орынбасары Гарри Пьер Айханым Оқасованың есімін таппағанын айтты.

«Біздің дерекқордан мұндай адам туралы мәлімет таппадық», – деп жауап берді Гарвард университетінің өкілі.

Оқу орнының талаптарына сәйкес, бұл оқу бағдарламасы жұмыс істеп жүрген ересектерге арналған. Оған мектепті бітірген соң бес жыл жұмыс істеп барып тапсыруға болады. Айханым қазір 11-сыныптың оқушысы. Оның үстіне, бакалавриатқа түсу үшін Гарвардтың Қосымша білім беру мектебінде академиялық жазу курсын қоса алғанда, үш жылдық курсты оқып, әрқайсысынан кемінде B бағасын алу қажет. Құжаттарды үшінші курстың семестрінде тапсыруға болады. Содан кейін мектеп порталындағы жеке кабинетте оқуға қабылданғандар туралы ақпарат шығады.

Бұған дейін редакция Павлодар облысының әкімдігі мен білім басқармасына байланысқа шыққан еді.

Павлодардың білім басқармасы берген ақпаратқа сәйкес, оқушы 2026 жылы 30 қазанда электрондық поштасына Harvard Extension School атынан хат келіп түскенін айтқан. Хатта 2027 жылдың күзгі семестрінен бастап Bachelor of Liberal Arts (ALB) бакалавриат бағдарламасы бойынша негізінен онлайн форматта білім алу мүмкіндігі, сондай-ақ оқу кезеңіне толық көлемде стипендия тағайындау туралы ақпарат жазылған.

Павлодардың білім басқармасы бұл қуанышты жаңалықтың шын-өтірігіне көз жеткізбестен өз парақшасына салған. Кейін өшіріп тастаған.

Мекеме шетелдік жоғары оқу орындарынан, соның ішінде Harvard Extension School тарапынан келіп түскен шақыртулар мен ұсыныстарға қатысты мәліметтерді тексеру керегін мойындады. Сондай-ақ оқушының отбасы хаттың шынайылығын тексеру үшін полицияға жүгінетінін мәлім еткен.

Басқарманың хабарлауынша, қыздың басқа оқу орнынан, яғни М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде білім алу үшін берілген ішінара білім беру грантын алғаны рас.

Айта кетсек, Айханым Оқасова әлеуметтік желіде өте үлгілі, білімді әрі кәсіпке жақын оқушы ретінде көрінеді. Өзінің жазуынша, ол 9 тіл біледі, 7 тілде еркін сөйлейді. Ол 6 тілден сабақ беріп, өзі секілді 700 оқушыға білім берген. Павлодарлық замандастарымен бірігіп, Ailingo деп аталатын білім беру платформасын құрған. Ол дарынды әрі белсенді жастарға берілетін «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауының «Білім» номинациясын жеңіп алған. 500 мың теңге сыйлықты әкім Асайын Байхановтың қолынан алған.