Ата-анасы баланың жағдайы антибиотик еккеннен кейін күрт нашарлағанын айтады. Олар препараттың мөлшері мен медицина қызметкерлерінің әрекетін тексеруді талап етіп отыр
Алматыда 14 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Ата-анасының айтуынша, балаға антибиотик еккеннен кейін оның жағдайы күрт нашарлаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Седьмой канал» таратқан мәліметке сәйкес, дәрігерлер жеті күн бойы жасөспірімнің өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, оны аман алып қалу мүмкін болмады.
Баланың ата-анасының сөзінше, тамыз айының басында оның лимфа түйіндері ұлғайған. Олар әртүрлі медициналық мекемелерге жүгінген. Жасөспірім мамандар тағайындаған антибиотиктермен және басқа да дәрілермен екі рет ем қабылдаған. Алайда мәселе шешілмеген.
21 қазанда ата-анасы баланы Алматыдағы емханалардың біріне қабылдауға алып барған. Анасының айтуынша, инфекционист дәрігер антибиотик тағайындаған.
Әйелдің сөзінше, дәрігер препаратты енгізер алдында міндетті түрде сынама жасау керегін ескерткен. Алайда медициналық процедурадан кейін баланың жағдайы бірден күрт нашарлаған.
«Ол екінші медбикеден препараттың қандай дозасын енгізу керегін сұрады: “0,5 пе?” деді. Екіншісі “Иә, 0,5” деп растады. Бұл сөз екі рет қайталанды. Препаратты бұлшықетке салды. Баланың жүрегі айнып, құсқысы келді. Ол өзін жайсыз сезініп тұрғанын, бүкіл денесі шаншып бара жатқанын айтты. Жағдайы соншалықты тез нашарлағандықтан, оны көтеріп, өзім сүйреп әкелгендей болдым. Мұрын тұсына мүсәтір спиртін ұстап тұрдым, ал дәрігер оған қандай да бір препарат, шамасы, шокқа қарсы дәрі салды. Бірақ баланың жағдайы жақсармады. Денесі құрыса бастады. Есінен танды. Мен оны ес-түссіз жатыр деп ойладым. Олар абыр-сабыр болып, жүгіріп, көмектесуі тиіс дәрігерлерді іздей бастады», – деп еске алды анасы.
Ата-анасы ұлында ауыр аллергиялық реакция болуы мүмкін деп болжаған.
Кейін жасөспірім Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілген. Онда оны өкпені жасанды желдету аппаратына қосқан.
Дәрігерлер жеті күн бойы баланың өмірі үшін күрескенімен, оны аман алып қала алмады.
«Біз соңына дейін үмітімізді үзбедік. Алғашында қатты күйзеліп, көз жасымды тыя алмадым. Кейін өзіме: “Ұлымның жүрегі соғып тұрғанда, мен оны жоқтап жыламаймын” дедім. Осы күндердің бәрінде өзімді ұстауға тырыстым», – деді анасы.
Қайтыс болған баланың ата-анасы полицияға арызданған. Олар ұлына препараттың нақты қанша мөлшері енгізілгенін, медициналық процедураның талапқа сай жүргізілген-жүргізілмегенін және баланың жағдайы нашарлағаннан кейін емхана қызметкерлері қандай әрекет жасағанын анықтағысы келеді.
Сондай-ақ ата-ананың медициналық құжаттардың рәсімделуіне қатысты да сұрақтары бар.
Әкесінің айтуынша, емханадан алған құжаттардан бірқатар сәйкессіздік анықталған. Отбасы осы жайттарды тексеруді сұрап отыр. Атап айтқанда, ата-анасы құжатта көрсетілген препарат мөлшері медициналық қызметкерлердің процедура алдында өзара талқылаған дозасынан өзгеше екенін алға тартады.
Бұған қоса, олар медициналық құжаттардың қаншалықты толық әрі дұрыс толтырылғанына құқықтық баға беруді талап етеді. Сондай-ақ жедел жәрдем бригадасының әрекеттерін тексеруді сұрайды.
Денсаулық сақтау басқармасы марқұмның отбасына көңіл айтып, тексеру аяқталғаннан кейін қосымша ақпарат берілетінін хабарлаған.
Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр.
«Аталған дерек бойынша Алматы қаласы Полиция департаментінің Тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қажетті сараптамалардың барлығы тағайындалды. Олардың нәтижесі бойынша қылмыстық іс аясында процестік шешім қабылданады», – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.