«Төрт бөтелке сыра ішіп, дүкенге шыққан»: Ақтөбеде мас жүргізуші екі баланы қағып кетті

Автор: Алмас Ерсін

Балалардың бірі ауыр жарақат алған

Фото: istockphoto.com

Ақтөбеде мас күйінде көлік жүргізіп, екі жасөспірімді қағып, оқиға орнынан кетіп қалған жүргізушіге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.

Мәліметке сәйкес, жол апаты 2026 жылдың жазында болған. Ал жүргізушіге қатысты сот үкімі жақында шыққан. Айыптау деректеріне сәйкес, Chevrolet Cobalt көлігін басқарған ер адам «Дружба» ауданының маңында жол жиегінде тұрған екі жасөспірімді қағып кеткен. Олардың бірі ауыр жарақат алған. Жол апатынан кейін оған ашық бас-ми жарақаты, миының ауыр дәрежедегі соғылуы, төбе сүйегінің сызықтық сынуы және бас сүйек қуысына ауаның жиналуы (пневмоцефалия) диагнозы қойылған.

Сотта зардап шеккен жасөспірімнің анасы алған жарақаттарына байланысты ұлы болашақта эпилепсияға шалдығуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ол жүргізушіден моральдық шығынды өтеу үшін 7 миллион теңге өндіріп беруді талап етті.

Екінші жасөспірімнің тобығы соғылып, созылған. Жарақатына байланысты ол екі апта бойы гипспен жүруге мәжбүр болған. Сотта ол куәгер ретінде жауап берді. Оның айтуынша, жүргізуші балаларды қағып кеткеннен кейін оларды балағаттап, оқиға орнынан кетіп қалған. Бұл сөзді тағы бір куәгер де растаған.

Ер адам өз кінәсін толық мойындады. Оның айтуынша, сол күні төрт бөтелке сыра ішіп, дүкенге тағы сыра алуға шыққан. Ол балалардың жолға өздері жүгіріп шыққанын, ал өзінің оларды қағып кетпеуге тырысқанын алға тартты.

Сот оны кінәлі деп танып, бір жарым жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар оған 10 жыл бойы көлік жүргізуге тыйым салынды. Бұдан бөлек, сотталған азамат зардап шеккен жасөспірімге моральдық шығын өтемақысы ретінде 3 миллион теңге төлеуге міндеттелді.