Астананың қақ ортасындағы 16 қабатты үй өртке оранды (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін
ҚР ТЖМ видеосынан скриншот

3 қарашаға қараған түні Астананың «Алматы» ауданындағы Тәуелсіздік даңғылы бойында орналасқан 16 қабатты тұрғын үйдің бір пәтерінде өрт болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Өрт жетінші қабатта шыққан. 112 кезекші пультіне хабарлама сағат 23:32-де түскен. Алғашқы өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде ғимаратты қою түтін басқан. Құтқарушылар дереу өртті сөндіруге кірісті.

Өрт толық сөндірілді. Оны ауыздықтауға Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің 24 қызметкері мен жеті техникасы жұмылдырылды. Ведомствоның мәліметінше, зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Жарияланған кадрлардан өрт шыққан пәтердің оттан қатты зақымданғанын көруге болады.

Төтенше жағдайлар министрлігі өрт болған жағдайда 112 нөміріне дереу хабарласу қажеттігін еске салды.