«Мен сіздерді ақша жинауға мәжбүрледім бе?»: Алматы облысында жолға жауаптылар тағы да «футбол» ойнап жүр (ВИДЕО)

Автор: Тәжібай Әлия

Тұрғындар үй жағындағы жолды өз ақшаларына жөндеткен

Фото: скриншот

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір апта бұрын Жолдауда елдегі жол құрылысына ерекше тоқталып, «футбол» ойнап жүрген жауаптыларды сынап, ескерту жасаған еді. Бірақ Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Кемертоған ауылының тұрғындары әлі де сол шырмауықтан шыға алмай, дал болып жүр. Себебі әр үйден ақша жинап жөндеткен жолды мердігер мекеме қайта қазған. Онымен қоса қалпына келтіруден бас тартқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Видеодан көргеніміздей, мердігер мекеме су құбырларын орнатқан. Сол үшін жөнделген жол қайта қазылған. Ал  жазба авторының айтуынша, мұндай жұмыстың болатынын жауаптылар тіпті ескертпеген. 

«Бізде сапалы, таза су онсызда бар. Құбыр жүргізетінін ескертпеді, бізбен ақылдаспады. Тұрғындардың ақшасы да зая кетті», – дейді бойжеткен.

Осы жағдайдан кейін тұрғындар әкімдікке жүгінген. Алайда олардың айтуынша, жергілікті билік мәселені шешуге көмектеспей, жауапкершілікті мердігер ұйымға сілтеген. Ал мердігер компания бүлінген жолды қалпына келтіруден бас тартқан. Тұрғынның жазбасына сүйенсек, әкімдік өкілі «мен сіздерді ақша жинауға мәжбүрледім бе?» деп жауап берген. Осылайша, олар шарасыз қалды.


«Бұл жол серуендеу үшін керек емес. Балаларымыз мектепке қауіпсіз жету үшін, жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі де қажет кезде көшеге еш кедергісіз кіруі керек», – дейді тұрғын.

Қарасай ауданының әкімдігі  ауылдағы су жабдықтау жүйесін жаңарту биыл сәуірде басталғанын хабарлады. Айтуларынша, бүлінген жолды енді қайта жөндеу қажет. Десе де кімнің, қашан және қалай жөндейтінін нақты жазбаған.