Шымкентте төрт айлық сәби сепсиске шалдығып, башпайынан айырылды: анасы катетер салған дәрігерлерді айыптап отыр
Анасының айтуынша, катетер орнатқан жері іріңдеген
Шымкентте төрт айлық баланың анасы инфекциялық аурухананың дәрігерлеріне шағымданды. Оның айтуынша, баланың аяғына катетер салғаннан кейін орнатқан жері көгеріп, іріңдеген. Бұл туралы баланың анасы Threads әлеуметтік желісіне пост жазып, резонанс тудырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әйелдің сөзіне сенсек, сәбидің дене қызуы түспеген соң дәрігерлер бірнеше мәрте дәрі еккен. Кейін бала сепсиске шалдығып, инфекция ағзасына тараған. Өкінішке қарай, дәрігерлер баланың башпайын кесуге мәжбүр болды. Осының бәрін баяндай келе баланың анасы Шымкенттегі инфекциялық аурухананың жетінші бөлімшесінің меңгерушісі мен катетер қойған медбикенің қателігі болған деп, шағымданып отыр.
«Ыстығы түспей қойған соң түрлі укол салды. Баламда сепсис пайда болды. Катетер салған жері көгеріп, іріңдеп кетті. Аяғын кесуден басқа амал болмады», – деп жазды анасы.
Осылай деген анасы дәрігерлер баланың жағдайына салғырт қарап, көп уақыт жоғалтып алды дейді. Қазір төрт айлық сәби Алматыда жансақтау бөлімінде жатыр. Анасының жазуынша, инфекция баланың миына жеткен.
«Анасына берген жауабымызды алмаңыздар»
Осы мәселе бойынша редакция тілшісі Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына сауал жолдады. Айта кетерлігі, қазір желіде қатты талқыланып жатқан бұл постқа денсаулық сақтау басқармасының ресми аккаунтынан пікір жазылған. Материалымызға осы жауапты пайдаланайық дегенімізде, басқарма рұқсат берген жоқ. Яғни, баспасөз қызметі баланың жағдайына байланысты журналистер үшін бөлек жауап беретінін, ал ол жауап тексеру аяқталан соң дайын болатынын мәлімдеді.
«Бізде де осындай жағдай болды»
Дәл осы жазбаға пікір жазып жатқан аналардың санында есеп жоқ. Олардың көбі әр жылдары әртүрлі ауруханада медбике катетр қойғаннан кейін, баласының бойына инфекция тарап, тура осындай жағдайға тап болғандарын айтып жатыр.
«Бес айлық баламның қолына катетер салып, «бес күн дәрі жаға бер, кетеді» деді. Бірақ ол кетпеді. Түнгі он бірде хирург шақыртып, баламды шыңғыртып, қолын кестірді. Өздері дұрыс сала алмайды, дәрінің бәрі терінің астына кетеді», – дейді аналардың біреуі.
«Алты айлық баламды апарғанымда, менингит деп комадан бірақ шығарды. Бір ай дегенде зорға шығарды. Кейін дәл осы бөлімшеге жатқызды. Бірақ Гүлжанның кесірінен температурасы көтеріліп, тағы үш апта емделдік. Баламның көзі көрмей қалды», – деп жазды тағы бір ана.