МАЗ жүк көлігінің жүргізушісі тепловозға жол бермеген
Ақтауда жүк көлігі тепловозбен соқтығысып, локомотивке айтарлықтай зақым келді. Оқиға теңіз портына апаратын кірме теміржол жолында болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазақстан темір жолы» компаниясына сілтеме жасап.
Ақтауда теміржол өткелінде МАЗ жүк көлігі тепловозбен соқтығысқан. Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігінің жүргізушісі тепловозға жол бермеген. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.
«2 қарашада сағат 16:55-те Ақтау теңіз портының кірме жолындағы күзетілмейтін және реттелмейтін теміржол өткелінде МАЗ жүк көлігінің жүргізушісі сағатына шамамен 5 шақырым жылдамдықпен резервтік бағытта келе жатқан тепловозға жол бермеген. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Соқтығыс салдарынан тепловоз бүлінді. Оқиға туралы Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөліміне хабарланды», – деп жазылған хабарламада.
Алдын ала мәлімет бойынша, жол-көлік оқиғасына жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін бұзуы себеп болған.
«Қазақстан темір жолы» жүргізушілерді теміржол өткелдерінен өткен кезде мұқият болуға, жол белгілері мен сигнал талаптарын сақтауға және теміржол көлігіне жол беруге шақырды.