«Балаңның жаны қиналып өтсін»:  ем іздеп Алматыға барған әйел желідегі бір пікірі үшін қорқынышты жағдайға тап болды (ВИДЕО)

Ол пәтердің суреттегі пәтерге ұқсамайтынын жазамын деп қудалауға тап болған

«Балаңның жаны қиналып өтсін»:  ем іздеп Алматыға барған әйел желідегі бір пікірі үшін қорқынышты жағдайға тап болды (ВИДЕО)
Фото: скриншот

Баласын дәрігерге көрсету үшін Павлодар қаласынан Алматыға келген әйел хабарландыру арқылы пәтер тапқан. Анықталғандай, хабарландырудағы сурет пен пәтердің шын мәніндегі жағдайы екі түрлі болып шыққан. Осыны айтып, жарнаманың астына жаман пікір жазған әйелді үй иесі қудалап, қорқытқан, деп жазады Azattyq Rýhy.

Алматы қаласының полиция департаменті хабарлағандай, ер адам әйелдің нөмірін тауып алып, пікірін өшіруді талап еткен. Арына тиетін жаман сөздер айтып, оны қорқытқан.

«Балаңның жаны қиналсын, өздерің де қиналып өтіңдер», - дейді ер адам әйелге аудиохабарлама жібере отырып.

Бұл жағдайға Алматы қаласының полиция департаменті лезде назар аударған көрінеді. Арыз негізінде олар ер адамды тауып, оны жазалаған.

«Алмалы ауданының полициясы 31 жастағы ер адамды тауып, оның ісін сотқа жолдады. Сот оны 10 күнге қамауға алды», - деп хабарлайды Алматы қаласының полиция департаменті.