Оқиғаны Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ресми түрде растады
Қарағандыдан Өзбекстанның Ташкент қаласына барған 15 жас футболшының жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға түсіп қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Блогер Денис Денскидің айтуынша, 31 қазан күні қонақ үйдегі таңғы астан кейін балалар мен ересектердің іші ауырып, дене қызуы көтерілген. Ата-аналарының айтуынша, бір тәулік ішінде 15 баланың жағдайы нашарлаған. Сол сияқты ерекше назар аударатын жағдай, жұмыртқадан дәм татпаған 8 бала ауырмаған.
Оқиғаға қатысты агенттік тілшісі Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен сұрау жасады.
Ведомство мәліметінше, ҚР СІМ Ташкент қаласында өтіп жатқан Dostlik Cup 2026 халықаралық футбол фестиваліне барған балалардың жағдайы нашарлағаннан хабардар.
«Көмекке мұқтаж барлық Қазақстан азаматы Өзбекстан Республикасының мамандандырылған медициналық мекемелеріне жатты. Оларға қажетті дәрігерлік көмек көрсетіліп жатыр. Қазақстандық дипломаттар отандастарымыздың туыстарымен және медициналық мекемелермен байланыс орнатып, аталған мәселені тұрақты бақылауда ұстап отыр», – делінген ведомствоның агенттікке берген пікірінде.