Зейнеткердің пәтері қоқысқа толып, көршілері жағымсыз иіс пен антисанитариядан зардап шегіп отыр
Алматыдағы бес қабатты үйдің тұрғындары қарт көршісімен «соғыс жариялаған». Олардың айтуынша, әйелдің пәтері нағыз қоқыс полигонына айналған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Көршілердің сөзінше, әйел көп жылдан бері қоқыс жәшіктерінен ескі-құсқы заттарды жинап, пәтеріне тасиды. Зейнеткер санитарлық талаптарға сай келмейтін жағдайда өмір сүріп жатыр.
Тұрғындардың айтуынша, ескерту жасаған кезде пәтер иесі агрессия танытып, түрлі қитұрқы әрекеттерге барады.
«Онымен келісу мүмкін емес. Біз сөйлескеннен кейін ертеңіне бірнеше рет есігіміздің алдына өлі құстарды, көгершіндерді немесе қоқыс салынған қораптарды тастап кеткен. Түнде бөлмені желдету үшін терезені ашасың. Олар, шамасы, дәретке де солай шығады. Пәтердегі барлық коммуналдық қызмет ажыратылған: жарық та, су да жоқ. Барлығын бөтелкелерге, пакеттерге жинап, терезеден лақтырады», – деді жергілікті тұрғын Татьяна Герасименко.
Көршілердің айтуынша, зейнеткердің үш баласы бар. Қыздары анасымен араласпайды, ал ересек ұлы адамдармен дөрекі сөйлеседі.
«Бірде ұлы ұйықтап жатқанда өрт шықты. Бәрі сіріңкедей лап етіп жанды. Ішіндегінің бәрі түгі қалмай өртенді. Тіпті люстралар да балқып кеткен. Адамдар «Газель» көліктерінде тұруға мәжбүр болды. Сол кезде ұлы терезенің жанында тұрды. Анасы пәтерде отырып, оған бірдеңе беріп тамақтандырып жүрді. Ұлы ішке кірмейтін. Мен сыртқа шыққанымда, ол мені балағаттап жіберді», – деді Марина Копылова.
Көршілердің айтуынша, олар мемлекеттік органдарға бірнеше рет жүгінгенімен, нәтиже болмаған.
Қалалық қызметтер пәтер иесінің рұқсатынсыз үйге кіре алмайды. Заңгерлер тұрғындарға азаматтық сотқа жүгінуге кеңес береді.
«Осы үйдің барлық тұрғынының мүддесі үшін талап арыз беріп, олардың құқықтары бұзылып жатқанын негіздеу қажет. Сотқа қойылатын талаптарды дұрыс тұжырымдау керек: жауапкерді қоқысты өз күшімен және өз қаражаты есебінен шығаруға міндеттеу. Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оны мәжбүрлеп орындатумен сот орындаушысы айналысады», – деп түсіндірді Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Гаухар Салимбаева.
Сондай-ақ әкімдік өкілдері үйге коммуналдық қызмет мамандарын жібергені хабарланды. Олар тұрғындар шағымданған пәтердің терезесі астындағы барлық қоқысты жинап шығарған. Алайда жергілікті тұрғындар бұл шараның әсері уақытша ғана болады деп есептейді.