Семейде облыстық сот ғимаратының алдында ер адам өзін өртеп, көз жұмды

Автор: Алмас Ерсін

Оқиға 30 қазан күні облыстық сот ғимаратының маңында болған 

Фото: Әсет Құндақбаев

Семейде облыстық сот ғимаратының маңында ер адамның қаза табу себептері анықталып жатыр. Оқиға 30 қазан күні шамамен сағат 17:00-де болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам өзін-өзі өртеген. Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тараған.

Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен медицина мамандары жеткен. Алайда ер адамды аман алып қалу мүмкін болмаған. Ол жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін алған күйіктерінен көз жұмған.

Абай облысының полиция департаменті бұл ақпаратты растады.

«Адам өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деп мәлімдеді полиция.