Пойыздың үстіне шығып кеткен: Ақмола облысында оқушының денесі 70 пайызға күйіп қалды

Автор: Алмас Ерсін

Жасөспірім пойыз вагонында электр тогы соғуынан ауыр күйік алған

Фото: istockphoto.com

Ақмола облысының Шортанды кентіндегі теміржол вокзалында 15 жастағы жасөспірімді тоқ соғып, ауыр жарақат алды. Тоғызыншы сынып оқушысы жүк вагонының үстіне шығып, жоғары кернеулі электр сымдарына тиіп кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Nayza_kokshe-ге сілтеме жасап.

Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім елордадан Шортандыға келіп, теміржол вокзалына барған. Сол жерде жүк вагонының үстіне шыққан кезде жоғары кернеулі электр тогына түскен. Салдарынан басы, қолы мен аяғы қатты зақымданған. Дереккөздің хабарлауынша, денесінің шамамен 70 пайызын күйік шалған.

Зардап шеккен жасөспірім Шортанды аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілген. Жағдайы өте ауыр болғандықтан, әзірге оны басқа медициналық мекемеге тасымалдау мүмкін болмай отыр. Дәрігерлер жасөспірімнің өмірін сақтап қалу үшін күресіп жатыр. Оқиға орнына санитарлық авиация да барған.

Көлік полициясы департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.

Ведомство өкілдері оқиға кезінде кәмелетке толмаған екі баланың болғанын хабарлады. Олардың бірі Шортанды аудандық ауруханасына жатқызылса, екіншісі үйіне өз бетінше қайтқан.

Мамандар пойыз тоқтап тұрғанның өзінде теміржол вагонының үстіне шығуға және пойыздың астынан өтуге қатаң тыйым салынатынын ескертеді.

Сондай-ақ ата-аналарға балалардың бос уақытын бақылап, теміржол маңында ойнауына және серуендеуіне жол бермеу қажеттігі ескертілді.