Төрт млн теңгеге жуық ақшасын тартып алған: Астанада екі адам ұзақ жылға сотталды

Автор: Темірхан Айжан

Олардың кәмелетке толмаған балалары бар 

Фото: ЖИ

Астанада ақша бопсалауды қалыпты жағдайға айналдырып алған қылмыскерлер 5 жылға сотталып кетті. Олар алдын ала сөз байласып, жәбірленушінің 3,76 миллион теңгесін тартып алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, сотталушы екі адам бір жыл бойы жәбірленушіге күш қолданып, ақша алып отырған. Жалпы алғанда 3,76 миллион теңгесін тартып алған.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыларды ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 3-бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысын 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Қарсы тарап болса, айыпты қайта саралауды және олардың татуласуына байланысты қылмыстық істі тоқтатуды өтінген.

Сот жаза тағайындарда күдіктілердің кәмелетке толмаған балалары барын ескерген. Сот олардың әрқайсысын 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.