Дабыл құрылғыларының бағасы 2 540 теңгеден басталады
Алматыда газ жарылып, екі жасөспірім жараланған. Ал Ұлытау облысында иіске уланған үш жастағы бүлдіршінді авиациялық жасақ шұғыл Жезқазғанға жеткізді. Шымкентте екі бала дәл осы себептен көз жұмды. Бұл қайғылы жағдайдың бір бөлігі ғана. Сандарға зер салсақ, былтыр осындай жағдайдың кесірінен 27 адам қайтыс болып, 115 адам жарақат алған. Ал биыл 19 жан қыршын кетті. Көрсеткіштер азайғанымен, адам өміріне төнетін қауіп әлі де бар.
Улы газдың ең қауіпті тұсы да осы, оның түсі мен иісі жоқ. Адам үйге газдың тарағанын білмей қалады. Мұндайда қауіпті ертерек анықтайтын дабыл құрылғылары көмектесе ме? Олар қаншалықты тиімді? Azattyq Rýhy тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеді.
Құрылғының қауіпті жағдайды адамнан бұрын байқайтыны рас па
ҚР ТЖМ Өртке қарсы комитеті басқарма басшысының орынбасары Жәнібек Шаяхметовтің айтуынша, газ бен жанатын заттардың қауіпті концентрациясын анықтайтын дабыл құрылғылары уланудың алдын алуға көмектеседі.
«Құрылғылар дыбыстық сигнал арқылы ескерту жасап, тұрғындарға дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді», – дейді ол.
Ал дәл осы датчиктерді қабырғаға немесе бөлменің төбесіне, нақтырақ айтсақ, ортасына орнатуға болады. Биіктігі 3,5 метр, ауданы 85 шаршы метрге дейінгі үй-жайға өрт датчигінен біреу орнатуға болады. Егер бөлменің көлемі үлкен болса, бірден артық бір датчик қосу керек.
«Датчикті желдету жүйесіне тым жақын орнатуға болмайды. Сондай-ақ оның үздіксіз жұмыс істеуі үшін батареясын уақытылы ауыстырып, түтін камерасын шаңнан тазалап отыру қажет», – деп түсіндірді Жәнібек Шаяхметов.
Жеке тұрғын үйлерге түтін датчигін орнату міндеттелген
Айта кетейік, былтыр 10 маусымда Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғын үй секторындағы қауіпсіздікті арттыру үшін Өрт қауіпсіздігі қағидаларына өзгеріс енгізді. Министрлік ұсынған толықтыруларға сәйкес, жеке тұрғын үйлерде автономды оптикалық-электрондық түтін өрт құралы болуға тиіс.
Ведомствоның түсіндіруінше, бұл талап адамдарды дер кезінде қауіпсіз жерге көшіруге және оттың таралуын шектеуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде адам шығыны мен материалдық залал қаупін азайтуға болады.
«Өрт хабарлағышын орнату күрделі жұмыс емес. Оны адам өзі орната алады немесе маманның көмегіне жүгінсе болады. Бірақ құрылғының сертификаты, техникалық сипаттамасы, пайдалану нұсқаулығы, орнату жөніндегі ұсынымдары мен кепілдік міндеттемелері болуы керек», – деп ескертті Жәнібек Шаяхметов.
Бағасы 2 540 теңгеден басталады
Интернет-дүкендердегі датчиктің бағасы құрылғының түрі мен техникалық мүмкіндігіне қарай өзгереді. Түтінді анықтайтындардың ең арзаны 2 540 теңгеден басталса, кей модельдерінің құны 80 мың теңгеге дейін жетеді. Маркетплейстердегі көміртек тотығын анықтайтын автономды датчик шамамен 1 900 теңгеден, ал түтін хабарлағышы 3 348 теңгеденсатылып жатыр. Алматыдағы дүкендердің бірінде SS-168 түтін датчигі 4 000 теңге, көміртек тотығын анықтайтын құрылғы 3 000 теңге тұрады. Ал бірнеше функцияны біріктірген модельдер қымбатырақ. Мысалы, платформалардың бірінде газ бен түтінді қатар анықтайтын автономды датчик 17 500 теңгеден сатылса, жекелеген дүкендерде түтін мен көміртек тотығын анықтайтын CO&Smoke Wi-Fi құрылғысының бағасы 11 мың теңгеге жетеді. Шетелдік маркетплейстегі газды анықтайтын құрылғылардың бағасы 28 мың теңгеден басталады.
Құрылғы таңдағанда бағасынан бұрын, қандай қауіпті анықтайтынына назар аудару керек. Түтінді анықтайтын құрылғы ауада түтін пайда болғанын сезіп, дыбыстық белгі береді. Көміртек тотығына арналған датчик пештегі отын толық жанбағанда пайда болатын түсі мен иісі жоқ улы газдың қауіпті концентрациясын анықтайды. Ал енді бірі табиғи газдың немесе техникалық сипаттамасына қарай басқа жанғыш газдың үйге таралғанын ескертеді.
Осындай құрылғылардың арқасында 290 адам ажалдан аман қалған
Төтенше жағдайлар министрлігі өрт пен газдан уланудың алдын алу үшін профилактика өткізеді. Мысалы маусымдық «Өрт қауіпсіздігі айлықтары» мен арнайы акциялар кезінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлеріндегі мұржаларды тазартып, пештерін жөндейді. Сондай-ақ электр жүйелерінің ақауы реттеп, үй маңындағы жанғыш қоқыстарды жинайды.
Алдын алу жұмыстарының тағы бір бағыты – тұрғын үйлерге газ бен жану өнімдерінің қауіпті концентрациясын анықтайтын датчиктер орнату. Бұл іске жергілікті атқарушы органдар мен еріктілер де атсалысады. Биыл жылыту маусымына дайындық кезінде 11 мың датчик орнатылған. Ал былтыр 51 мыңнан астам автономды датчик қойылған.
Мұндай ауқымды шараның да үлкен септігі бар. Себебі мамандар орнатқан датчиктер дер кезінде дабыл қағып, 290 адам өрт пен уланудан аман қалған.
Уланға жағдайда не істеу керек?
Уланудың салдары ауыр болатыны анық, ал қайғылы жағдайдың себебіне үңілсек, газдан уланудың бір себебі – қауіпсіздік талаптарын сақтамау, пеш пен мұржаны дұрыс пайдаланбау. Яғни, олар уақытылы тазаланбаса немесе түтін дұрыс тартылмаса улы газ үйдің ішіне таралады. Мұнымен қоса отынның толық жанып біткенін күтпей, асығыстық танытып жапқышын жабуға да болмайды. Ең қорқыныштысы, улы газдың түсі де, иісі де жоқ. Сондықтан оның үйдің ішінде таралғанын байқамаймыз.
Сондықтан Павлодар облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Оразбек Уалиханов қырағы болуға шақырады.
«Уланудың белгілеріне бас ауруы, бас айналу, әлсіздік пен жүрек айну жатады. Ауыр жағдайда адам есінен танып қалады. Зардап шеккен адамды таза ауаға шығарып, дереу 103 нөміріне хабарласу қажет. Науқастың тыныс алуын тексеріп, жедел жәрдем келгенше диспетчердің нұсқауларын орындау керек. Түтін немесе газ жиналған бөлмеге қайта кіруге болмайды», – дейді Оразбек Тоқболатұлы.
Сондай-ақ құтқарушы бірқатар сақтық шараларына тоқталды.
«Құрметті тұрғындар, қайғылы жағдайдың алдын алу үшін қарапайым, бірақ маңызды талаптарды сақтау қажет. Мысалы пеш, мұржа мен жылыту құрылғыларын тұрақты тексеріп, уақытылы тазалау қажет. Үйді жылыту үшін газ плитасын қолдануға болмайды. Сонымен қатар дабыл құралдарын орнату керек. Ал балаларға жылыту құралдарын өз бетінше қолдануға бермеңіздер! Тағы да қайталаймыз, адамдар улы газды бірден сезе алмайды», – деп анықтап түсіндірді.