Астана қаласының әкімдігі желідегі ақпараттың жалған екенін мәлімдеді
Астанадағы Кенесары көшесінің бойында тұрған биік үйдің тұрғындары әлеуметтік желіде баспанасыз қаламыз деп дабыл қаққан. Яғни, олардың айтуынша, LRT жобасын оң жағалауға тарту үшін әкімдік үйді сүріп, құлатып тастамақ-мыс. Осыған байланысты Azattyq Rýhy әкімдіктен мәлімет сұратқан еді.
Жалпы, желіде таралып жатқан жазба авторы өздеріне сенімді дереккөз бұл үй ЛРТ-ның екінші желісі өтетін жерде тұрғандықтан,сүріледі деп хабар жеткізген көрінеді. Алайда үйдің тағдырына қатысты ресми шешім қабылданған-қабылданбағаны әзірге белгісіз.
«Сенімді дереккөздерден ЛРТ жобасына сәйкес Астана қаласындағы Кенесары көшесі, 23 мекенжайында орналасқан үй сүріледі деп естідік. Үйіміз LRT желісі өтетін жерде тұр екен», – деп жазған тұрғын.
Желіден тараған жазбаның анық-қанығын Астана қаласының әкімдігінен сұрағанымызда ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Әкімдіктің айтуынша, ЛРТ жобасының екінші желісін салу үшін бұл үй бұзылмайды.
Айта кетейік, Астанада LRT жүйесінің екінші кезеңінің құрылысы 2026 жылдың мамыр айында басталды.