Павлодарда шала туған сәбидің сүйегі сынған: отбасы тексеру жүргізуді талап етуде

Автор: Алмас Ерсін

Павлодарда салмағы 600 грамм болып туған сәбидің жамбас сүйегі сынған. Отбасы тексеру жүргізуді талап етсе, дәрігерлер баланың жағдайы тұрақты екенін мәлімдеді

Фото: istockphoto.com

Павлодарда салмағы шамамен 600 грамм болып туған шала нәрестенің отбасы №1 перинаталдық орталықтың жұмысын тексеруді талап етіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Туыстары баланың жамбас сүйегі қалай сынғанын және ата-анасының алаңдаушылығына медицина қызметкерлері не себепті назар аудармағанын анықтағысы келеді.

Туыстарының айтуынша, ұл бала тамыз айында дүниеге келген. Қазір ол Павлодар облыстық №1 перинаталдық орталықта ем қабылдап жатыр. 24 қазанда сәбидің салмағы 2 020 грамға жеткен.

Әлеуметтік желіде шағым жариялаған туысының мәлімдеуінше, 20–23 қазан аралығында ата-анасы баланың аяғының түсі мен көлемі өзгергенін байқап, бұл туралы медицина қызметкерлеріне айтқан. Алайда оның сөзінше, дәрігерлер бұған назар аудармаған. Тек 23 қазанда баланың жамбас сүйегі сынғаны хабарланған.

«Мұның қалай болғанын сұрағанда, дәрігерлер бала құрысу кезінде өзіне өзі жарақат салғанын айтты. Мұндай жағдай болуы мүмкін бе?» – деп жазды шағым авторы.

Ол сондай-ақ жансақтау бөліміне телефон алып кіруге рұқсат берілмейтінін, сондықтан ата-анасы баланың жағдайын суретке түсіре алмайтынын жеткізді. Отбасы медициналық мекеменің жұмысын және қызметкерлердің әрекетін тексеруді сұрап отыр.

Ата-ананың шағымына Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, шала туған нәрестелерде сүйек тінінің минералдануы төмендейтін остеопения болуы мүмкін. Бұл асқыну жағдайлардың 30–55 пайызында кездеседі.

«Шала туған нәрестелердегі остеопения – сүйек тінінің минералдануы төмендейтін жағдай. Ол ықтимал асқынулардың бірі саналады және 30–55 пайыз жағдайда кездеседі. Бұл кезде аяқ-қолдың әдеттегі қозғалысының өзі сүйектің өздігінен сынуына әкелуі мүмкін», – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Алайда ведомство бұл нәрестеге остеопения диагнозы қойылған-қойылмағанын және сүйектің сынуына нақты не себеп болғанын айтпады.

Басқарма өкілдерінің мәліметінше, перинаталдық орталықтың әкімшілігі отбасыға баланың жағдайы мен оны бақылау ерекшеліктерін үнемі түсіндіріп отырады. Емдеу барысы туралы толық ақпарат дәрігерлік құпияға байланысты жарияланбаған. Сондай-ақ басқарманың түсініктемесінде тексеру тағайындалғаны туралы мәлімет жоқ.

Перинаталдық орталықтың мәліметінше, баланың жағдайы тұрақты. Оны облыстық балалар ауруханасының травматологы мамандармен бірлесіп бақылап отыр.

Медициналық мекеме ұсынған рентген суретінде сүйектің бастапқы бітісу кезеңінің белгісі – сүйек мүйізгегі байқалған. Бұл сынған сүйектің бітіп келе жатқанын көрсетеді.

«Қазіргі уақытта арнайы ем қажет емес», – деп хабарлады медициналық мекеме.