Ата-анасы ресми тексеру жүргізуді талап етті. Мектеп әкімшілігі мұғалімге қатысты тексеру басталғанын растады
Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде (НЗМ) алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі кәмелетке толмаған оқушымен хат алмасқаны туралы әлеуметтік желіде жарияланған ақпараттан кейін тексеру басталды. Threads желісіндегі жазба авторының айтуынша, 34 жастағы педагог оқушы қыздың телефон нөмірін сыныптасы арқылы алып, оған жаза бастаған. Мұғалім қыздың жағдайын сұрап, кездесуді ұсынған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Жазба авторының сөзінше, хат алмасу туралы қыздың достары білген. Олардың бірі мұғалімге телефон соғып, ересек адамның кәмелетке толмаған оқушымен неліктен бұлай сөйлесетінін сұраған. Автордың айтуынша, педагог мұның әзіл болғанын және барлығымен осылай сөйлесетінін айтқан.
Кейін мұғалім оқушыға қайтадан хат жазып, оның өз ниетін дұрыс түсінбегеніне сендіруге тырысқан. Жазба авторының хабарлауынша, мектеп әкімшілігімен сөйлескеннен кейін де педагог өз әрекетін әзілмен түсіндірген.
Қыздың ата-анасы білім беру ұйымының басшылығына жүгінген. Олар оқиғаға қатысты ресми тексеру жүргізіліп, құқықтық баға берілуін талап етпек.
«Мұғалім болу – жауапкершілік. Бұл оқушы қыздардың жеке шекарасын бұзуға берілген құқық емес», – деп жазды жарияланым авторы.
Оның айтуынша, ол оқушылардың қауіпсіздігі мәселесіне назар аудару үшін бұл жағдайды көпшілікке жариялауды ұйғарған.
Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің өкілдері жарияланған ақпарат бойынша тексеру басталғанын растады.
«Қазіргі уақытта әлеуметтік желіде жарияланған ақпаратқа байланысты мектеп мұғаліміне қатысты тексеру жүргізіліп жатыр. Оқушыларды қорғау жөніндегі қолданыстағы саясатқа сәйкес, мектеп қауіпсіздігі қызметі жарияланымда баяндалған мән-жайларды қарауға кірісті. Жағдай «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы басшылығының бақылауында», – деп хабарлады оқу орнының баспасөз қызметі.
Мектеп өкілдері тексеру қорытындысы бойынша Қазақстан заңнамасына және ұйымның ішкі құжаттарына сәйкес шаралар қабылданатынын мәлімдеді.