Жауапты орган сақ болуға шақырады
Қазақстанда тоғыз ай ішінде алаяқтардан түскен 187 миллион қоңырау мен 8,7 мың фишингтік сайт бұғатталса, кейінгі үш айда интернет-алаяқтықты күн көріске айналдырған 700-ден аса адам ұсталды. Соған қарамастан, азаматтар әлі де баспана алу, жұмысқа орналасу мен шетелге шығу мүмкіндігін пайдаланғысы келгенде алаяқтардың арбауына түсіп жатыр. Azattyq Rýhy осы мәселе бойынша бірнеше іске шолу жасап, қылмыскерлердің сенімге қалай кіретінін анықтап көрді.
Пәтерінен айырылған зейнеткер. Алаяқтар кейде өздерін қызмет көрсететін ұйым, банк немесе құқық қорғау органының өкілі ретінде таныстырады. Солтүстік Қазақстан облысында болған оқиғада алаяқтар домофон компаниясының атынан қоңырау шалып, жабдықты ауыстыру керек екенін айтқан. Сөздеріне сенген зейнеткер телефонына келген кодты айтып берген. Осыдан кейін оған өзін банк қызметкерлері және ұлттық қауіпсіздік органдарының өкілдері ретінде таныстырған адамдар қоңырау шала бастаған. Олар зейнеткердің атына несие рәсімделіп жатқанын айтып, ақшасын қорғау үшін әрекет етуге көндірген. Кейін баспанасын сатуға итермелеген. Әйел пәтерін 16 млн теңгеге сатылымға қойған. Мәміле нотариуста рәсімделген. Пәтер сатылғаннан кейін зейнеткер ақшаны алаяқтар көрсеткен шоттарға аударған. Ал ол шоттардың дропперлерге тиесілі екені анықталды.
Үйлі боламын деп арбауға түсті. Иә, алаяқтар адамға не керек екенін жақсы біледі. Мәселен, 51 адам 4 жыл бойы ұйымдасқан қылмыстық топқа сеніп келген. Себебі олар жеңілдікпен ипотека рәсімдеп, тиімді шарттар арқылы үй мен несие алып беруге уәде еткен. Тіпті компания ашып, кеңсе жалдап, қызмет көрсету туралы келісімшарт жасаған. Сонымен қатар, халықтың сеніміне кіру үшін мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда ықпалды байланыстары бар екеніне сендірген. Ал олардың уәдесіне сенген 51 азамат 413 миллион теңгеден астам қаражатынан айырылды. Астана қаласының прокуратурасы қылмыстық топ құру, ірі және аса ірі мөлшердегі алаяқтық жасау, ұйымдасқан топқа басшылық ету және оның қызметіне қатысу секілді бап бойынша тергеу жұмыстарын жүргізді. Қазір қылмыстық іс сотқа жолданды.
Ата-ана мен талапкерден пайда көргендер. Астана тұрғыны сегіз ай бойы 2GIS қосымшасы арқылы балабақшадан орын іздеген ата-аналарды тауып, таныстары арқылы көмектесетінін айтқан. Оның сөзіне сенген тоғыз адам жалпы сомасы 590 мың теңге аударған. Сот әйелді төрт жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Балабақшадан бөлек, ЖОО бойынша да алаяқтық фактілер бар. Мысалы магистратура мен докторантураға түсіруге көмектесемін деп уәде берген ер адам биыл сотталды. Оның өтірігінен 111 адам зардап шегіп, келтірілген шығын шамамен 70 млн теңгеге жеткен. Тергеу материалдарына сәйкес, ер адам білім беру саласында таныстары барын айтып, сенім ұялатқан. Сот ер адамды кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Қол жетпей қалған құжаттар. Тағы бір танымал тәсіл – виза алып беру. Дәл осындай өтірікке 6 адам алданып, 15 млн теңгесінен айырылды. Осы жағдайға байланысты Астана қаласы Есіл аудандық криминалдық полиция қызметкерлері Түркия, Вьетнам мемлекеттеріне виза алып беремін деп алдаған 33 жастағы әйелді тұтқындады. Тергеу барысында 6 эпизод бойынша алаяқтық әрекетке барғаны анықталған. Ол уәде етілген қызметі үшін түрлі сомада ақша алып, кейіннен байланысқа шықпай қойған. Күдікті өз кінәсін толық мойындады.
Сол секілді жүргізуші куәлігін алып беруге уәде еткен тағы бір адам алты азаматтан 2,3 миллион теңге алған. Алайда ол ақшаны жеке қажеттілігіне жұмсаған. Сот оған үш жыл алты айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ бірқатар міндет жүктелді. Атап айтқанда, пробация қызметін хабардар етпей тұрғылықты және жұмыс орнын өзгертуге, алкогольді ішімдіктерді тұтынумен байланысты ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынды. Жұмысы болмаған жағдайда жұмыссыз ретінде тіркелу, сондай-ақ сот белгілеген түнгі уақытта тұрғылықты жерінен тыс жерде болуға шектеу қойылды.