Балқаштың жерін тас-талқан етіп қазып тастаған жігіт ұзақ жылға сотталуы мүмкін (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Оған заңсыз кен қазды деген айып тағылып отыр

Фото: скриншот

Қаржы мониторинг агенттігінің Қарағанды облысындағы департаменті Балқаш қаласына қарасты Саяқ ауылының маңындағы 338 мың текше метр жерді қазып,  темір мен марганец өндірген бір азаматты ұстады. Қазір ол уақытша ешқайда кетпеу туралы қолхат жазып берген. Дегенмен, оған мемлекетке 485 млн теңге залал келтірді деген айып тағылған, деп жазады Azattyq Rýhy.

Күдікті  «Vertex Co.» және «MiningMetall» ЖШС деген екі компания ашып, Саяқ ауылының маңына арнайы техника апарған, жұмысшы жалдаған. Осылайша үлкен жерді қазып, кен өндіріп, оны ұсақтап, вагонға тиеп отырған.

«Жердің үстіңгі қабаты ауқымды көлемде аршылып кеткені және сол жерден кен қазылған үш карьер анықталды. Жалпы, күдіктінің жұмысшылары 338 мың текше метр жерді қазып тастаған. Мамандардың есебінше, бүлінген жерді қалпына келтіріп, карьерлерді қайта өңдеуге жарамды күйге келтіру үшін 485 млн теңге қажет», - деп хабарлайды ҚМА.

Сот күдіктінің екі арнайы техникаға, бір автокөлікке және коммерциялық үй-жайына санкция салған. Күдікті кепіл қойып, қолхатпен үйіне шыққан.