«Қан-жоса болып жатты»: Қостанайдағы жантүршігерлік оқиға полицияның назарына ілікті

Автор: Алмас Ерсін

Жануарға қатыгездік көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Фото: ҚР ІІМ

Қостанайдағы пәтерлердің бірінен денесі тілінген жарақаттары бар ит табылды. Оқиғаны көрген куәгерлер жануарларды қорғаушымен байланысып, ол полицияға хабар берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Еріктілердің айтуынша, ит қансырап жатқанына қарамастан, иесі оларды пәтерге кіргізбеген. Оқиға орнына полиция келгеннен кейін ғана жануарды алып шығуға мүмкіндік туған. Ит ветеринарлық клиникаға жеткізілгенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмады.

Жануарларды қорғаушы Анастасия Серикова көмекке мұқтаж питбуль туралы куәгерлерден естіген. Қатты қансырап жатқан ит Құрылысшылар клубы ауданындағы үйлердің бірінде болған. Осыдан кейін ол көмек көрсету үшін сол мекенжайға барған.

Анастасияның айтуынша, ол ит әлі тірі болса, өзін беруді өтінген. Алайда үй иесі келісуден бас тартып, балағат сөздер айтып, қорқытқан. Осыдан кейін зооқорғаушы полиция шақыруға шешім қабылдаған.

«Түнгі сағат екілер шамасында пәтер иесі есікті ашып, итті берді. Жануардың жағдайы өте ауыр еді. Менің болжамымша, оның денесінде шаншылған және кесілген жаралар болған. Бүкіл денесі қанға боялған. Біз оны бірден алып, клиникаға жеткіздік. Алайда ол сол жерде өлді. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, жарақат алғаннан кейін біраз уақыт өтіп кеткен сияқты», – деді Анастасия Серикова.

Итке кімнің және қандай мақсатпен өлімге әкелген жарақат салғанын тергеу анықтауы керек.

Оқиғаға қатысты полиция да түсініктеме берді.

«Оқиғаға қатысы болуы мүмкін адам анықталып, полицияға жеткізілді. Қазір қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады», – деді Қостанай облысы полиция департаментінің ақпараттық саясат бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Екатерина Рабцун.

Жануарға қатыгездік көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.