Тағы бір адам егеуқұйрық көргенін айтты
Алматы қаласындағы «Small» супермаркетінің бірінде тамақтардың арасында тарақан кезіп жүр. Мұны дүкенге пицца сатып алуға барған бойжеткен көрген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Куәгер видеоны «Threads» парақшасында жариялады.
Автордың жазбасына пікір қалдырғандар өте көп. Олардың бірі «Small» супермаркетінде егеуқұйрық көргенін жазса, тағы бір адам супермаркеттен сатып алған қаймақтың қақпағының астынан өлі тарақан тапқанын айтты.
Осы орайда агенттік тілшісі Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен байланысты. Сөйтсек, ресми орган әлеуметтік желідегі бұл видеолар өздігінен тексеруге негіз бола алмайтынын, ол үшін міндетті түрде арыз түсуі керек екенін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне және қалалық аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына аталған жағдай бойынша өтініш келіп түскен жоқ. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға қатысты ресми өтініш түскен жағдайда, ол қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қаралып, тиісті шаралар қабылданатын болады», – деп хабарлады департамент.