Құны – 1,5 млрд теңге: 2,6 мың тонна алтын құрамды кенді шетелге «мыс» деп шығармақ болғандар ұсталды

Олар кеден құжаттарында «мыс кені мен концентраттары» деген атаумен бүркемелеген

Құны – 1,5 млрд теңге: 2,6 мың тонна алтын құрамды кенді шетелге «мыс» деп шығармақ болғандар ұсталды
Фото: ҚМА/Видеодан скрин

Жетісу облысында 1,5 млрд теңге болатын 2,6 мың тонна алтын құрамды кенді ұрлап, шетелге алып бара жатқандар ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, шикізатты шетелге ұрлап шығару үшін кеден құжаттарында «мыс кені мен концентраттары» деген атаумен бүркемелеген. Осылайша күдіктілер оның нақты құрамын жасырған.

Агенттік қызметкерлері бұл жағдайдан секемденіп, істі тергеуге алады. Оның барысында Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарындағы қоймалардан ірі контейнерлерге салынған 1 000 тоннадан астам шикізат табылды.

«Тергеу барысында заңсыз әрекеттерді ұйымдастыруға қатысы бар «RedGold Mining» ЖШС экспорттаушы компаниясының директоры мен өзге де тұлғалар анықталды. Екі күдікті қамауға алынды. Соттың рұқсатымен серіктестіктің ақшалай қаражатына тыйым салынды», – делінген ҚМА хабарламасында.

Агенттік өзге мәліметтерді Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтерді жариялаған жоқ.