Шымкентте баласынан айырылған әйел оның қазасы туралы әлі естімеген (ВИДЕО)

Келіншектің өзі де уланып, ауруханаға түскен

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Шымкентте «Восток» шағынауданындағы пәтерлердің бірінен  4 жастағы ұл мен 15 жастағы қыздың денесі табылды. Оқиғадан кейін ауруханаға түскен 3 жастағы бала жансақтау бөлімінде жатыр, ал анасы токсикология бөліміне ауыстырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Жетінші арнаға сілтеме жасап.

Зардап шеккендердің туысының айтуынша,  газдан уланған әйел бес-алты сағаттан кейін есін жиып, көмек сұраған. Оқиға орнына келген жақыны жуынатын бөлмеден бірінші 15 жастағы қыздың денесін тапқан.  Айта кетейік, бұл үйді екі отбасы жалға алып тұрады.

«Сіңілім 4 жастағы баласының қайтыс болғанын білмейді, әлі айтқан жоқпын. Қалай айтамын?! Ол балаларын өте қатты жақсы көреді. Сіңілім үшін күйіп жатырмын, ол мұндай хабарға шыдай алмайды», -  деді ол.

Науқастардың жағдайына байланысты Гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігер Мадина Ермаханбетова жауап берді.

«Дәрігерлердің шұғыл, толыққанды көмек көрсетуінің арқасында 1999 жылғы науқастың жағдайы жақсарып, токсикология бөліміне ауыстырылды. 2023 жылғы науқастың жағдайы біршама жақсарды, бірақ емін әлі де жансақтау бөлімінде жалғастырады», - деді ол.

Полиция қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету белгілері бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу бастады.

«Алдын ала мәліметке сәйкес, балалардың өліміне иіс газына улану себеп болған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын толық және жан-жақты анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», - деп хабарлады Шымкент қаласының Полиция департаменті.

Сонымен қатар арнайы мамандар кінәратты анықтауға тырысып жатыр. Олардың айтуынша, үйге су жылытқышын орнатуға рұқсат етілмеген. Осы жағдай қайғылы оқиғаға тікелей себеп болуы мүмкін.

«Біздің апаттық қызметтің қызметкерлері үйден көміртегі газының концентрациясы анықталған жоқ. Қазіргі уәкілетті органдар тарапынан тексеру жүргізіліп жатыр, тек соның нәтижесі шыққаннан кейін белгілі болады. Бұл тек газ плитасына арналған үйлер, ол жерде қосымша газ су жылытқышы орнатылған, ал бұл үйлер оны қоюға арналмаған», - деді өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы Нұрбек Рахманов.

Еске салайық, биыл ақпанда да Шымкенттегі «Восток» шағынауданындағы пәтерден бір отбасының үш мүшесінің мәйіті табылған еді. Ол кезде марқұмдар табиғи газдан уланған болуы мүмкін деген болжам айтылған.