Ажырасқаннан кейін де бірге өмір сүрген: Таразда ер адам экс-жұбайын есінен танғанша ұрған

Автор: Асыл Арман

Ол осы қылмысы үшін бір жылға сотталып кетті

Фото: istockphoto.com

Таразда ер адам экс-жұбайын есінен танғанша ұрып-соққаны үшін бір жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жамбыл облыстық соттарының мәліметінше, 35 жастағы ер адамның ісі қаралған. Сотта анықталғандай, олар бұрын некеде болып, кейіннен ажырасып кеткен. Дегенмен, ажырасқандарына қарамастан бір шаңырақ астында өмір сүріп келген.

2025 жылдың тамыз айында екеуінің арасында тұрмыстық мәселеге байланысты дау шығып, ер адам экс-жұбайын есінен танғанша бетінен бірнеше рет ұрған. Салдарынан оның қолы сынған.

Ал қыркүйек айында әйел адам қолының ауырып жүргенін, дәрігерге қаралуы керек екенін айтады. Ер адам оны балағаттап, жанжал барысында итеріп жібереді. Артынша кішкентай баласын ертіп, үйден шығып кеткен.

Бірінші сатыдағы сот жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ. Сотта ер адам кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім шыққаннан кейін ер адам шағым түсіріп, өзінің кінәсіздігін ақтап алуды сұрайды. Істі зерттеген апелляциялық алқа үкімді өзгеріссіз қалдырды.