Қабанбай ауылынан 22 шақырым жерде тұтанған өртті сөндіруге 100-ден астам адам мен 27 техника жұмылдырылды. Елді мекендерге қауіп жоқ
Абай облысының Мақаншы ауданында Қабанбай ауылынан 22 шақырым жерде батпақты аумақта құрғақ шөп пен қамыс өртеніп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Өртті сөндіруге 100-ден астам адам мен 27 техника жұмылдырылған.
Оқиға орнында Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, «Ауыл құтқарушылары» еріктілері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмыс істеп жатыр.
Қатты желдің екпіні, аумақтың батпақты болуы және биіктігі кей жерлерде үш метрге жететін қалың қамыс өртті сөндіруді қиындатып отыр.
Өрт сөндірушілер жалынның шаруа қожалығының тұрғын үйіне және көлемі шамамен 30 тонна болатын жиналған шөпке таралуына жол бермеді.
ТЖМ мәліметінше, елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Жағдай ведомствоның бақылауында.