Олардың ең кішісі 18 жаста
Атырауда жаңа үйленген жігіттің достары кортеж ұйымдастырып, қарсы жолаққа өтіп кеткен. Өзгелерге қауіп төндірген жастардың бірінде жүргізуші куәлігі болмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
16 қазанда түскі уақытта Атыраудағы Ықылас мешітінің маңында той кортежіне қатысқан 2004, 2006 және 2008 жылы туған жүргізушілерді полиция тоқтатты. Тексеру барысында қарсы бағыттағы жолаққа шығып, апаттық жағдай туғызғаны анықталды. Toyota Camry көлігінің жүргізушісі қауіпті маневр жасаған. Lada Granta және екі Lada Priora көлігінің жүргізушілері де жол қозғалысы талаптарын бұзған.
«Маневр жасау қағидаларын бұзғаны, қауіпсіздік белдігін тақпағаны, көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланғаны және көліктің техникалық талаптарға сай болмағаны анықталды. Lada Priora көліктерінің бірін жүргізген жүргізушінің тиісті куәлігі болмаған. Автокөліктің иесіне де әкімшілік шара қолданылды», - делінген ПД хабарламасында.
Жол қозғалысы ережелерін бұзған үш көлік арнайы тұраққа қойылды.
Полиция жүргізушілерді жолда жауапкершілік танытып, заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
«Той кортежіне қатысу жол ережесін бұзуға рұқсат бермейді. Қарсы бағыттағы жолаққа шығу, қауіпті маневр жасау және көлікті тиісті құжатсыз басқару ауыр жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін. Жолдағы әрбір жауапсыз әрекет өзге адамдардың өміріне қауіп төндіреді», - деді ведомстводан.