Оның термиялық күйік алғанын дәрігерлер растады
Павлодарда сұлулық салонына терісін әдемілеймін деп барған әйел күтпеген қиындыққа ұшырады. Бьюти-студия клиентінің терісін оңдырмай күйдіріп тастаған. Онысымен қоймай қызмет ақысы деп 132 мың теңгесін алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Процедура барысында қала тұрғынының термиялық күйік алғаны анықталды. Артынша оны дәрігерлер де растаған.
Клиенттің сөзіне сүйенсек, терісін әрлеу процедурасын жүргізген әйел адамның кейіннен салонның қызметкері емес екені анықталған. Павлодар тұрғыны осыдан кейін салон әкімшілігін сотқа беріп, келісімшартты үзуін, пайдаланбаған қызметтер үшін 127 мың теңгесін қайтаруды және денсаулығына зиян келтіргені үшін өтемақы төлеуді талап еткен.
«Салон келісімшартты үзу туралы бойжеткеннің талабын орындаудан бас тартқан. Біздің қызметкерлеріміз оған құқықтық көмек көрсетіп, жағдайды реттеуге атсалысқан», – дейді облыстық сауда және тұтынушы құқығын қорғау департаменті.
Істің соңында екі тарап бітімге келіп, салон клиентіне өзі талап еткен 127 мың теңгесін қайтарып берді.