Олардың сөзінше, ұстаз өз ортасында беделді болған
Атырауда бір топ адам мектеп мұғалімін алаяқтық жасады деп айыптап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желідегі хабарламаға сәйкес, 100-ге жуық тұрғын мұғалімнің қосымша табыс табу туралы жарнамасына сеніп, оған ақша аударған. Кейін өздеріне уәде етілген қаражатты ала алмаған. Шағымданушылар Атырау қаласындағы Алмалы мектебінің мұғалімі Ұлболсын Халелова мен жеке кәсіпкер Мұратоваға қатысты жағдайды тексеруді талап етті.
Жәбірленушілердің сөзінше, олар түрлі уәде мен жарнамаларға сеніп, өз аттарына кредит рәсімдеген. Алайда кейін қарызды жауып беру туралы уәделер орындалмаған.
«Үш-төрт рет бонус алған соң, ақшаға қызығасың. Амал жоқ, біз де бардық. Бір ай болмай, уақыты келгенде жабылады деді. Бір ай бұрын Ұлболсынның үстінен арыз жазылды. Тергеу болады деді. Мысалы мен 220 мың теңге алдым, оның 10 пайызын қызмет ақысы ретінде қайтардым. Барлық чегі сақтаулы. Арыз бергенімізге бір ай болды», – дейді шағымданушылардың бірі.
Тұрғындар полиция мен прокуратурадан арыздарын назарға алып, жағдайды жан-жақты тексеруді сұрады. Олар мұғалімнің әрекетіне заң аясында баға беріп, азаматтардың ақшасынан айырылуына не себеп болғанын анықтау керек дейді. Сондай-ақ жәбірленушілер өздеріне келтірілген материалдық шығынның өтелуін және кінәсі дәлелденген адамдардың заң алдында жауап беруін талап етіп отыр.
«Біздің мақсатымыз - алдын ала кінәлі деп жариялау емес, барлық деректің заң аясында тексеріліп, кінә дәлелденген жағдайда тиісті жауапкершілікке тартылуын талап ету. Жәбірленушілердің дауысы естілсін! Арыздар назардан тыс қалмасын! Әділдік орнасын!», - деп жазды олар.
Azattyq Rýhy редакциясы Атырау облысының полиция департаментіне ресми сауал жолдады. Әзірге ведомстводан жауап келген жоқ.