Күдікті әлі ұсталмаған, ал жараланған әйелдің жағдайы өте ауыр
Қызылордада адам қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші әлі табылған жоқ. Кеше, 13 қазанда сағат 17:10 шамасында Құлтекенов көшесінің бойында Mitsubishi Lancer Sedan көлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншілерді қағып кеткен. Жол апатынан 26 жастағы Наргиз Бұқарбай ауыр жараланса, бес айлық баласы көз жұмды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Оқиғаға қатысты ақпаратты зардап жараланған әйелдің жақын туысы «Threads» әлеуметтік желісіне жариялап, көмек сұраған.
Жазбадағы мәліметке сәйкес, бес айлық сәби «бас гематомасы» диагнозымен Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасының жансақтау бөліміне түскен. Алайда сәби ауруханада қайтыс болған.
Әлеуметтік желіде жарияланған анықтамаға сүйенсек, 2000 жылы туған әйел бірнеше ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне түскен.
Көлікті басқарған жігітті полиция әлі таппай жатқан көрінеді. Оқиға туралы жазба жариялаған әйел ол ұсталмай кете ме деп алаңдағаннан ғана бүкіл фото, видеоматериалдарды жариялауға мәжбүр болғанын жазады.
«Көпшілікке шығарып жар салатын нәрсе емес, бірақ мына адамның тайраңдап, қашып жүргені жанымызға батып бара жатыр. Қандай да бір ақпарат болса, хабар берсеңіздер» - деді ол.
Мән-жайды анықтау үшін зардап келіншектің туысы Арай Бұқарбаймен байланыстық. Оның айтуынша, келіні әлі де Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы өте ауыр. Есін толық жимаған.
«Жағдайы өте ауыр. Есін әлі толық жимады. Дәрігерлер де нақты ақпарат айтпай отыр. Тек күтесіздер деді. Қазір ешқандай ем жасалмайды, есін толық жинағаннан кейін ғана ем-дом жасалады. Алда әлі 7-8 операция күтіп тұр. Жауапты органнан ешқандай хабар жоқ. Сондықтан таныс-тамыр арқылы өзіміз сұрап отырмыз. Соның өзінде де ақпарат нақты ма, білмейміз. Еш жерден хабар болмаған соң, көпке жария етуге бел будық», - деп жауап берді Арай Бұқарбай.
Біз осы мәселеге қатысты Қызылорда қаласының полиция департаменті мен денсаулық сақтау басқармасына ресми сауал жолдадық.