Астанада 9 адам ұзақ жылға сотталды – олар 135 адамның 5,14 млрд теңгесін жымқырған

Бір жарым жылдай уақыт бұл қылмыстық топ жоқ пәтерлерді сатып алған

Астанада 9 адам ұзақ жылға сотталды – олар 135 адамның 5,14 млрд теңгесін жымқырған
Фото: istockphoto.com

Астана соты аса ірі көлемде алаяқтық жасаған тоғыз адамды ұзақ жылға соттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл азаматтар құрылыс компаниялардың атын жамылып, халықты алдап келген.

«2020 жылғы желтоқсаннан бастап тоғыз адам құрылыс компанияларының атын жамылып, «R-Club» және «R-Club Deluxe» тұрғын үй кешендерінен пәтер сатып алу сылтауымен азаматтардан ақша жинаған. 2022 жылғы 23 ақпан мен 2023 жылғы 19 шілде аралығында пәтерлерді брондау туралы жалған шарттар жасасу арқылы 135 адамнан 5,14 млрд теңге жинап алған», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.

Бұданн басқа, топтағы екі адам Астана қаласы, Кенесары көшесі, 6/5 мекенжайында орналасқан «Arai Apartments» салынып жатқан тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді қайта сатумен айналысқан. Бұл екеуіне алданған адамдар 228 млн теңгесінен айырылған.

«Сот қылмыстың топтың басшысын 10 жылға, қалған мүшелерін 6,5 жылдан бастап 8,5 жылға дейін соттады», - деп хабарлайды Астана соттары.