«Жерде жатқанда ұялы телефонын қолды қылған»: Қайрат Нұртастың концертінде адамдар таптап кеткен қыз ауыр хәлде (ВИДЕО)

18 жастағы бойжеткен әлі реанимацияда, есін жиған жоқ

«Жерде жатқанда ұялы телефонын қолды қылған»: Қайрат Нұртастың концертінде адамдар таптап кеткен қыз ауыр хәлде (ВИДЕО)
Фото: скриншот

Демалыс күндері Қайрат Нұртастың концертінде қалың адамның астына қалып, жараланған бойжеткен әлі реанимацияда жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Жетінші арнаның» жаңалықтарына сілтеме жасай отырып.

Дереккөздің айтуынша, ол қалың адамның астында қалып, қауқарсыз күйде жатқанда әлдекімдер оның ұялы телефоны мен құжаттарын ұрлап кетіпті. Бұл істі де қазір қалалық полиция тексеріп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, 10 қазан күні Шымкентте сұмдық жағдай болды. Белгілі әнші Қайрат Нұртас Шымкент қаласында 20 жылдық концертін өткізген. Алайда бұл кеш кемшіліктерсіз өткен жоқ. Концертке есептелген орыннан сатылған билет саны артық болып, топырлаған адам бір-бірін таптап өткен. Адам саны тиісті межеден көп болғанын желіде тараған видеолардан байқауға болады. Бастапқыда сығылысқан топтың ортасында жағдайы қиындап, өлім құшқандар болғаны жайлы айтылған. Бірақ Полиция департаменті бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.

Адам өлімі болмағанмен, 18 жастағы бойжеткен ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Осының салдарынан Шымкент қаласының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, концерт ұйымдастырушысын қолына кісен салып, қамауға алып кетті.