Наурызбай ауданында карантин талаптарын өрескел бұзған демалыс орны анықталды
Наурызбай ауданында карантин талаптарын өрескел бұзған демалыс орны әшкереленді. Бассейн сыртында «құрылыс жұмыстары жүріп жатыр», «карантинге жабылдық» деп жазып, демалушыларды жасырын қабылдап келген,деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Алматы» телеарнасына сілтеме жасап.
Қарғалы ықшам ауданындағы мына аквапаркте 60 шақты адамның демалып жатқаны анықталды. Күшейтілген карантин кезінде тәртіпке бағынбаған келушілерді де, мекеме басшысын да енді қомақты айыппұл күтіп тұр.
«Жұмыс істеуіне тыйым салынса да, бассейн келушілерді астыртын қабылдап отырған. Мекеме сыртына «карантинге жабылдық, уақытша жұмыс істемейміз» деп жазып қойыпты. Жөндеу жұмыстары жүргізілуде деп жазылып тұрған. Бірақ кірген кезде ішіндегі үлкен бассейн жұмыс істеп тұрған. Ішінде 60-тай адам шомылып жатқан. Оның ішінде бүгінгі таңда карантинді бұзып, барлық адамдар арақашықтық сақтамаған, бетперделері жоқ, барлығы суда түсіп жүрген», – деді Наурызбай ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Әнел Мұсаева.
Сондай-ақ, бұл жерде маска тағу, арақашықтық, дезинфекциялық режимдер сақталмаған. Санитар дәрігерлердің пікірінше, бассейн әкімшілігі тым болмағанда демалушылардың саны көп болмауын және 2 метр қашықтықты сақтауды қамтамасыз етуі керек. Енді мекеме басшысына 230 АЕК салынса, келушілердің әрқайсысы 83 340 теңге төлеуі тиіс.
«Келушілер өздерінің қателігін мойындап жатыр. Көбісі басында кішкене оғаш қылықтарымен көзге көрінді. Бірақ аяғында бәрібір қателерін мойындап, қазір оларға қатысты жеке тұлғаларға 30 АЕК бойынша хаттама толтырылады», – деді Наурызбай ауданы Кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Жандос Әбішкенов.