«Айғайлап, көмекке шақырған»: Теміртауда ата-анасын өлтірді деген жігіт туралы көршілері тың дерек айтты

Автор: Алмас Ерсін

Қайғылы оқиға болған түні әйел көмекке шақырып, көршілер полицияға хабар берген

Фото: istockphoto.com

Теміртауда ата-анасын өлтірді деген күдікке олардың 20 жастағы ұлы ілінді. Көршілерінің айтуынша, қайғылы оқиға болған түні әйел айқайлап, көмекке шақырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Көршілердің сөзінше, кейін мәйіті табылған әйел сол түні пәтерден шығып, баспалдақ алаңында айқайлап, көмек сұраған. Осыдан кейін тұрғындар полиция шақырған.

Пәтерге кіру үшін есікті бұзуға тура келген. Куәгерлер іште қан іздері болғанын айтады.

Алдын ала мәлімет бойынша, 20 жастағы жігіт әкесіне пышақпен алты рет, анасына тоғыз рет соққы жасаған болуы мүмкін. Осыдан кейін ол оқиға орнынан кетіп қалған.

Жергілікті тұрғын Елена Маскаеваның айтуынша, күдікті сол түні ата-анасын өлтіріп, есікті жауып, үйден шығып кеткен. Оны таңертең ұстағаны туралы ақпарат үйдің ортақ чатында тараған.

«Ата-анасына ренжулі болған дейді. Олардың оның еркіндігін шектегеніне наразы болыпты-мыс. Бірақ қандай еркіндік екенін білмеймін», – деді тұрғын.

Көршілердің айтуынша, отбасы бұл үйге шамамен бір жарым жыл бұрын көшіп келген. Олардың сөзінше, ұлы тұйық әрі ұялшақ болған. Сондықтан болған жағдай тұрғындар үшін күтпеген жайтқа айналған.

Еске салайық, полиция Теміртауда ата-анасын өлтірді деген күдікке ілінген 20 жастағы жігіттің ұсталғаны туралы жаздық.