«Несие рәсімдеп жатыр»: СҚО-да зейнеткер алаяқтарға алданып, пәтерінен айырылып қалды

Автор: Алмас Ерсін

Алаяқтар өзін банк пен ҰҚК қызметкерлері ретінде таныстырған

Фото: istockphoto.com

Солтүстік Қазақстан облысында зейнеткер домофон компаниясынан қоңырау шалған адамға сеніп, пәтерінен айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Петропавловск.news-тің жазуынша, зейнеткерге домофондарға қызмет көрсететін компанияның атынан қоңырау шалып, жабдықты ауыстыру жоспарланып отырғанын айтқан. Алаяқтықтың кең таралған тәсілі бойынша әйелдің телефонына код келген. Ол кодты телефон арқылы сөйлескен адамға айтып берген.

Осыдан кейін зейнеткерге өзін банк қызметкерлері және ұлттық қауіпсіздік органдарының өкілдері ретінде таныстырған адамдар қоңырау шала бастаған. Жалған көмекшілер белгісіз біреулер әйелдің атына несие рәсімдеуге тырысып жатқанын айтып, оның пәтері бар екенін білген соң, үйін сатуға көндірген.

СҚО Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мұратбек Аяғановтың айтуынша, алаяқтар зейнеткермен іс жүзінде барлық уақытта байланыста болған. Әйел пәтерін 16 млн теңгеге сатылымға қойған. Мәміле нотариуста рәсімделген. Пәтер сатылғаннан кейін зейнеткер банк терминалы арқылы түскен ақшаны алаяқтар көрсеткен шоттарға аударған.

Көп ұзамай егде жастағы әйел алаяқтардың арбауына түскенін түсініп, полицияға жүгінген. Алайда ол кезде кеш болған. Пәтер үшін аударылған ақша түскен шоттардың дропперлерге тиесілі екені анықталды.