Домофон мен камераны сындырып кеткен: Семейде балдақ ұстаған ер адамның ісі сотта қаралды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Ол 48 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты

Фото: Видеодан скрин

Семейде қолында балдағы бар ер адам тұрғын үйдің домофоны мен камерасын сындырып кеткені үшін 20 күнге қамалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның ісі үйдің бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Полиция қызметкерлері оның кім екенін бірден анықтады. Ол 48 жастағы жергілікті тұрғын Саят Байбосынов болып шықты. Медициналық куәландыру нәтижесінде оның есірткі заттарын қолданғаны расталды.

«Ер адам мүлікті қасақана бүлдіргені, ұсақ бұзақылық жасағаны және есірткі заттарын медициналық емес мақсатта пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оған 20 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады», – делінген ІІМ хабарламасында.

Домофон мен бейнебақылау камералары тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін орнатылған. Мұндай ортақ мүлікке зиян келтірген адам міндетті түрде заң алдында жауап береді.