Иран азаматтары Каспий теңізінде балық аулап жүріп, Қазақстан аумағына өтіп кеткен: олар 1 жылға сотталды

Автор: Асыл Арман

Олар 24 шілде күні қолға түсті

Фото: istockphoto.com

Каспий теңізінде балық аулап жүріп, Қазақстан шекарасына заңсыз өткен Иран азаматтары сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Маңғыстау облысының прокуратурасы биыл 24 шілде күні Иран елінің үш азаматы балық аулап жүріп, Каспий теңізі арқылы Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен.

«Оларды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің әскери қызметшілері қолға түсірді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 392-бабының 1-1-бөлігімен, яғни адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша мемлекеттік шекараны өткізу пункттерінен тыс жерде қасақана заңсыз кесіп өту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қарақия аудандық сотының үкімімен Иран Ислам Республикасының үш азаматы кінәлі деп танылып, оларға Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге шығарып жібере отырып, бір жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сот үкімі қазіргі уақытта заңды күшіне енген жоқ», – делінген хабарламада.

Мемлекеттік шекараны өткізу пункттерінен тыс жерде заңсыз кесіп өту заңнамада белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.