Полиция оны ұстады
Желіде Алматыда ер адамның өз анасын үйінде байлап ұстағаны туралы ақпарат тарады. Әйел оңтайлы сәтті пайдаланып, қашып шыққан. Көшеде көргендер оған көмек көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Куәгер Елдар Семейғазыновтың сөзінше, әйелдің қолы байлаулы болған. Айтуынша, туған ұлы оны «әйелі екеуінің арасына түсе бересің» деген сылтаумен соққыға жыққан.
«Апайдың қолы байлаулы, жалаңаяқ болды. Ұлы отбасының ортасына түсе бересің деп ұрып-соғып, қолын байлап үйде ұстаған. Ол қашып шыққан. Жолда ешкім тоқтап, көмек көрсетпеді. Біз тоқтап, қолын шешіп, 102-ге хабарластық. Су беріп, аяқ киім беріп, полицейлерге тапсырдық», - деді Елдар Семейғазынов.
Алматы қаласының Алатау аудандық полиция басқармасы оқиға бойынша тексеру жұмысын бастады.
«Жеке басы анықталды. Қазіргі уақытта ол полиция бөлімінде түсініктеме беріп жатыр», - деп мәлімдеді ведомство.
Қазір мамандар барлық мән-жайды анықтап жатыр. Тексеру аяқталған соң құқықтық баға беріліп, заңға сәйкес тиісті шара қабылданады.