Қонаевта шетелдік әйел зорланды деген ақпарат тарады: екі ер адам ұсталды

Автор: Алмас Ерсін

Қонаевта 28 жастағы әйел зорланғанын мәлімдеді 

Фото: istockphoto.com

Әлеуметтік желіде Қонаев қаласында шетелдік әйелді полицейлер зорлағаны туралы ақпарат жарияланды. Полиция қылмыстық іс қозғалып, екі ер адамның ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Threads әлеуметтік желісінде жазба жарияланды. Онда оқиғаға жергілікті полиция қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін екені айтылған. Сондай-ақ 28 жастағы әйел арызды «біреудің айтуымен» жазуға мәжбүр болғаны және кейін полицейлер оның пәтерін бақылағаны туралы мәлімет келтірілген.

Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі әйелдің арызы бойынша тергеу басталғанын хабарлады.

«Әйелдің арызында оқиғаның Қонаев қаласында болғаны көрсетілген. Алғашқы тергеу және жедел-іздестіру шаралары барысында арызда көрсетілген екі ер адам анықталып, ұсталды және жеткізілді», – деп хабарлады полиция.

Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция өкілдері оқиғаның барлық мән-жайы мұқият тексеріліп, оған тиісті құқықтық баға берілетінін атап өтті.

«Қазіргі уақытта қажетті тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу Алматы облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасына тапсырылды», – деп толықтырды ведомство.