«Қызымды кіргізбеген дәрігерлер танымайтын адамды алдыма әкелді»: Павлодарда жол апатына түскен әйел шағымын айтты

Автор: Бақыт Шынар

Әйел жол апатынан кейін реанимацияға тап болған

Фото: скриншот

Павлодарда жол апатынан кейін реанимацияға түскен әйел әлеуметтік желіде дәрігерлердің әрекетіне шағымын айтып, жазба жариялаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол 21 қыркүйек күні жол апатына түскен. Дәрігерлер басына тігіс салып, ауыр жағдайда реанимацияға жатқызған.

«Мен ауыр хәлде жатқанда жалғыз қызым дәрігерлерге келіп, жылап, мені көргісі келетінін айтқан. Бірақ, оны кіргізбей қойған. Бірақ, бір кезде менің палатама танымайтын адам кіріп келді. Сөйтсем, ол жол апатына қатысы бар адамның туысы сияқты», - дейді әйел.

Әйел адам Павлодардағы аурухананың дәрігерлеріне шағымданып, жол апатына  қатысы бар адамдарға ол туралы ақпаратты кімнің бергенін айтуды талап етіп отыр.

Павлодардағы №10 қалалық аурухананың өкілдері әйелдің шағымын тексеруге кіріскен.

«Қазір осы өтініш бойынша тексеру басталды. Аурухана әкімшілігі істі жеке бақылауына алды», - дейді аурухана өкілдері.