Олардың заңсыз әрекетінен 1 млрд теңгеге жуық залал келген
Қаржы мониторинг агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы департаменті астықтың сұр импортына қатысты схеманың жолын кесті. Дәлірек айтқанда, Өзбекстан, Ауғанстан және Тәжікстанға заңсыз астық сатқан бес жігіт күдікті деп танылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеудің мәліметіне сүйенсек, олар астықты Қазақстанда өндірілген өнім ретінде көрсетіп, өнімді Орталық және Оңтүстік Азия елдеріне экспорттаған.
«Тергеуге сүйенсек, Қазақстан аумағы арқылы жалпы құны 11,2 млрд теңге болатын шамамен 130 мың тонна астық экспортталған. Бұл астықтар Өзбекстанға, Ауғанстанға және Тәжікстанға сатылған», - деп хабарлайды ҚМА.
Бұл заңсыз экспорттың ақшасын алу үшін күдіктілер «Bakery Nan», «KazGrano», «Perfect Seed», «Weizen» және «Golden Grain Kazakhstan» атты бес компанияны ашқан. Заңсыз транзиттің кесірінен «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС-не 1 млрд теңгеден аса көлемінде залал келген көрінеді.
«Сонымен қатар күдіктілер салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алудан және кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтару үшін өздерінің бақылауындағы экспорттаушы компаниялардың шоттарынан үлестес ұйымдардың шоттарына ақша аударып, кейін банкроттық туралы талап арыздар берген. Аталған әрекеттер мемлекет мүддесіне 1,2 млрд теңге көлемінде залал келтірген», - деп хабарлайды ҚМА.
Іс бойынша бес адам күдікті деп танылған.