Министрлік мәселені бақылауға алды
Үндістанда оқушы қызды зорлады деген күдікке ілінген қазақстандық жаттықтырушы Мақсат Аязбаевқа қатысты Сыртқы істер министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрлік Үндістанда жүрген Қазақстан азаматына қатысты жағдайдан хабардар екенін мәлімдеді. Қазақстандық дипломаттар Аязбаевтың туыстарымен байланысты. Оған консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр.
«Министрлік бұл мәселені бақылауында ұстап отыр», – делінген хабарламада.
Бұған дейін Қазақстанның Велоспорт федерациясы да Мақсат Аязбаевқа қатысты мәлімдеме жасаған.
Федерацияның мәліметінше, Аязбаев соңғы жылдары Қазақстаннан тыс жерде үндістандық тараппен жасалған келісімшарт бойынша жұмыс істеп, Үндістанның велоспорттан ұлттық құрамасын дайындаған. Оның кәсіби қызметі Үндістан құрамасымен байланысты болған.
«Мақсат Аязбаевтың Қазақстан ұлттық құрамасына қатысы жоқ. Оқиға болған кезде ол Үндістанда жұмыс істеп жүрді. Қазір жағдайды елдің құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Сонымен қатар Үндістанның Велоспорт федерациясы тергеу аяқталғанға дейін Аязбаевтың қызметін уақытша тоқтатқан», – деп мәлімдеді федерация.
Қазақстанның Велоспорт федерациясы істің мән-жайына баға бермейтінін, тергеу нәтижесін күтетінін атап өтті. Федерация БАҚ пен әлеуметтік желі қолданушыларын бұл жағдайды Қазақстан ұлттық құрамасымен байланыстырмауға шақырды.
«Адамның кінәсі тек заңда белгіленген тәртіппен, ресми тергеу мен сот талқылауының нәтижесінде анықталады», – делінген хабарламада.
Еске салайық, 34 жастағы кәсіби велошабандоз Мақсат Аязбаевты Үндістанның полициясы іздеп жатыр. Ол кәмелетке толмаған спортшы қызды зорлады деген күдікке ілінді.