Отбасының екі бірдей банкке берешегі болған
«Әділет» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында азаматтарға қаржылық сауаттылық бойынша кеңес беріліп қана қоймай, қарыз мәселесін шешуге арналған құқықтық көмек көрсетіледі. Жоба заңгері Гүлфайруз Талантбекованың айтуынша, жуырда бір отбасы автонесиесін төлей алмай, қиын жағдайға тап болған. Қарыз бойынша төлемдер кешіктірілгеннен кейін банк берешекті коллекторлық агенттікке берген. Бұл ретте банк пен коллекторлық агенттік арасында талап ету құқығын беру туралы шарт жасалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Содан кейін коллекторлық агенттік азаматқа қысым көрсете бастаған. Біз олардың атынан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым түсірдік. Сонымен қатар коллекторлық агенттік нотариус арқылы атқарушылық жазба жасатып, мүлікке тыйым салдырған. Заң бойынша оған 10 жұмыс күні ішінде қарсылық білдіруге болады. Біз тиісті қарсылықты жазып бердік. Соның нәтижесінде нотариус атқарушылық жазбаның күшін жойды, мүлікке салынған тыйым алынды», – дейді заңгер.
Осыдан кейін банк істі қайта өзіне алып, қарызды өтеу кестесін келісу басталған. Банк бастапқы жарнаны талап етіп отырғандықтан, келіссөз әлі жалғасып жатыр.
Бұдан бөлек, отбасының тағы бір банкте қомақты қарызы болған. Олардың жалпы сомасы шамамен 4,5 млн теңге. Бұл қарыздар да коллекторлық агенттікке беріліп, мүлікке тыйым салынған. Заңгерлердің көмегімен тыйымнан босатылып, кейін коллекторлық агенттікпен төлем кестесі келісілген. Енді олар қарызын ай сайын 100 мың теңгеден өтейтін болады.
Қазір отбасының мәселесі толықтай шешілді деуге болады. Бірнеше ай бойы көрсетілген құқықтық көмектен кейін олар «Қарызсыз қоғам» жобасының мамандарына алғысын білдірді.
«Қарызсыз қоғам» бағдарламасына шын жүрегіммен алғыс білдіремін. Мәселелерімізді шешуге көмектесіп, заңгерлік қолдау көрсетіп жатқандарыңыз үшін көп рақмет. Мен сияқты қиын жағдайға тап болып, қолдау іздегенде бағыт-бағдар беріп, қажетті құжаттарды дайындауға көмектесіп жатқандарыңызды қатты бағалаймын. «Қарызсыз қоғам» жобасын ұйымдастырып отырған «Әділет» партиясына алғысымды білдіремін. Осындай бағдарламалар әрі қарай да жұмыс істей берсе екен», – дейді отбасы мүшелері.
Өтініш берушілер «Қарызсыз қоғам» жобасына мамыр айында жүгінген. Осы уақыт ішінде азаматтарға құқықтық кеңес беріліп, мәселелерін шешу үшін тұрақты қолдау көрсетілді.
«Біздің жобамыздың мақсаты – азаматқа бір рет кеңес беріп, шығарып салу емес. Мәселені басынан аяғына дейін бірге шешуге тырысамыз. Қандай да бір жағдай туындаса, азаматтар бізге бірден хабарласады. Қазір бұл кісіде ешқандай мүліктік тыйым жоқ, барлық мәселе шешілді», – дейді ол.
Маманның сөзінше, жобаға көптеген адам әр түрлі көлемдегі қарыздарына байланысты жүгінеді. Олардың арасында мүлікке салынған тыйымды қалай алып тастау керегін, қандай өтініш жазу қажеттігін немесе банкпен қарызды өтеу кестесін қалай келісуге болатынын білмейтіндер көп.
«Кей азаматтар банк хабарласқан кезде телефонға жауап бермей, мәселеден қашқақтап жатады. Бірақ бұл жағдайда мәселе өздігінен шешілмейді. Сондықтан біз азаматтарға заң тұрғысынан не істеуге болатынын түсіндіріп, қажетті құжаттарды дайындауға және тиісті органдарға жүгінуге көмектесеміз. Заң бойынша коллекторлық агенттіктің азаматтарды қорқытуға немесе оларға қысым көрсетуге құқығы жоқ. Егер мұндай жағдай болса, оның үстінен шағым түсіруге болады», - дейді заңгер.