Тоғыз сарбаз қаза тапты, тағы жетеуінен хабар-ошар жоқ: Ақтауға Қанат Бозымбаев аттанды

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Бүгін, 24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде 19 әскер суға кетіп, тоғызының мәйіті табылды. Үшеуі аман, ал тағы жетеуінен хабар ошар жоқ. Осы әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия құрылып, оны вице-премьер Қанат Бозымбаев басқаратын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкіметтің мәліметіне сүйенсек, Бозымбаев қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына көмек көрсету мәселесін шешеді.

«Премьер-министр Олжас Бектенов Комиссия төрағасы Қанат Бозымбаевқа оқиға орнына шұғыл барып, әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеруді қамтамасыз ету және қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсету шараларын қабылдауды тапсырды», - деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.

Үкіметтік комиссияның құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ шекара қызметінің өкілдері кірген.