Ол Сәуле Жұбаниязованы балаларынын тірідей айырмауды сұрады
Ұлдана Мырзуанның анасы сотта сөз сөйлеп, көз жасын тыя алмады. Ол қызының мінезі мен ерлігі туралы айта келіп, айыпталушы Сәуле Жұбаниязованы жауапкершіліктен босатуды сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгін сот залында сөйлеу және қызым туралы сөздер айту маған өте ауыр болып тұр. Кез келген ана үшін баласынан айырылу қандай қасірет екенін сөзбен жеткізу мүмкін емес. «Перзентіңді соңғы рет көріп ал, қоштасып ал» дегенді есту, оны соңғы сапарға шығарып салу - ана жүрегіне сыймайтын қайғы-қасірет. Осы сот барысында қызымның соңғы сәтінде жанында болған куәгерлерден қызымның жаны қиналғанын есту мен үшін өте ауыр соққы болды», - дейді марқұмның анасы.
Көз жасын тыя алмаған ол қызының балалық шағын еске алып, сот залын ауыр эмоцияға бөледі.
Менің қызым, Ұлдантайым 2002 жылы 31 қаңтарда дүниеге келді. Кішкентайынан әдемі, ақылды, білімді, саналы, қайсар қыз болып өсті. Ұлданамның тік мінезінің түбінде әділдік, қайсарлығының түбінде батылдық жатты. Батылдығының түбінде мейірім жатты. Бала күнінен медицина саласына қызығатын, дәрігер болсам деп армандайтын. Арманы жетелеп, фельдшерлікті сүйіп таңдап, халыққа қызмет көрсеткісі келді. Өзінің мамандығын адал атқарды. Мемлекетіне берген антына адал болды. Қызмет атқару барысында баршаларыңызға белгілі, 2025 жылы 8 қарашада қайғылы оқиғаға тап болды. Осыдан кейін қылмыстық іс қозғалды. Осы қылмыстық іс бойынша кімнің кінәлі, кімнің кінәсіз екенін, құрметті сот, өзіңіз анықтайсыз. Менің тілегім - заңға сәйкес әділ шешім қабылданса екен деген өтінішім бар», - деді Сәлима Омарова.
Ол сотталушы Сәуле Жұбаниязованың іс-әрекетінде қылмыстық құрам болмаса, оны жауапкершіліктен босатуды сұрады.
«Мен ешкімнен кек алу үшін келген жоқпын. Ешкімге «кінәлісің» демеймін. Моральдық өтемақы сұрау үшін де тұрған жоқпын. Талап етпеймін. Ақша менің Ұлданамды қайтармайды. Мен Ұлдананың өмірін ақшамен өлшемеймін. Заңда, егер осы іс бойынша жауаптылық көзделген болса, әділеттілікті орнатып, жауапқа тартуды, егер сотталушы Сәуле Жұбаниязованың іс-әрекетінде қылмыстық құрам болмаса, оны жауапкершіліктен босатуды сұраймын. Себебі Сәуле Жұбаниязова жалғызбасты ана, мен де анамын, оның екі баласы бар. Оның балалары бар. Мені тағдырдың жазуымен баламнан айырылдым, ал Сәуле Жұбаниязованың тірідей баласынан айырылғанын қаламаймын», - деді ол.
Бұған дейін прокурор қайғылы жағдай болған тұрғын үйдің басшысы Сәуле Жұбаниязованы 2 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің қасбеті құлап, бірнеше адам зардап шеккен кезде оқиға орнына жедел жәрдем фельдшері ретінде барған. Зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатқан сәтте оның үстіне құрылыс бөлшектері құлап, алған жарақатынан көз жұмды. Осы іске байланысты тұрғын үйдегі мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты сот процесі өтіп жатыр.