Астанада сот процесі жалғасып жатыр
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сотта прокурор айыпталушы Сәуле Жұбаниязованы 2 жылға бас бостандығын шектеуді сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Былтыр 8 қарашада Тәуелсіздік көшесіндегі үйдің қасбеті құлап, бірнеше адам зардап шекті. Оқиға кезінде зардап шеккендерге көмек көрсетуге келген жедел жәрдем қызметкерлері де екінші рет опырылған қабырғаның астында қалған. Соның салдарынан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алып, кейін ауруханада көз жұмды.
Сотта мемлекеттік айыптаушы Саяжан Серікова қайғылы жағдайдың алдын алуға болатын еді деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, үйдің қасбеті ортақ мүлікке жатады, сондықтан оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұйымдастыру сол кездегі мүлік иелері бірлестігінің төрағасына жүктелген. Прокурор қасбеттегі ақаулардың бір күнде пайда болмағанын, ғимараттың біртіндеп бұзылғанын атап өтті.
Саяжан Серікова жауапты адам қасбетті өзі жөндеуге міндетті болмағанымен, үйдің жағдайын бақылауды ұйымдастырып, қауіпті жерлерді дер кезінде анықтап, қажетті шараларды қабылдауы тиіс болғанын айтты.
«Қауіпті учаскелерді анықтау, қажет болса техникалық тексеру жүргізу және тиісті шаралар қабылдау керек болатын. Алайда дәл осы әрекеттер жасалмаған», – деді прокурор.
Қорғау тарапы бұған дейін ғимараттың жылы, құрылыс сапасы, құрылыс салушының, бұрынғы басқарушылардың және мемлекеттік органдардың жауапкершілігіне назар аударған.