Меркіде жол апатынан 4 адам қаза тапты: көліктердің бірін Азия чемпионы жүргізгені туралы ақпарат тарады

Автор: Асыл Арман

«TANK 500» автокөлігінің жүргізушісі қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кеткен

Фото: Видеодан скрин

Меркіде жантүршігерлік жол апатынан 4 адам қаза тапты. Қайғылы оқиға 20 қыркүйек күні Жамбыл облысына қарасты Қостоған ауылында болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Куәгерлердің айтуына қарағанда, 27 жастағы ер адам анасын алып кету үшін шыққан. Бірінші көліктің тізгінінде спортшы, көпбалалы ана және полиция капитаны, жекпе-жектен Азия чемпионы Сая Әуелбекова болған.

Дегенмен бұл ақпаратты Жамбыл облысының Полиция департаменті ресми түрде растаған жоқ.

Қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметке сәйкес, «TANK 500» автокөлігінің жүргізушісі қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кетіп, «ВАЗ-2107» автокөлігімен соқтығысқан.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан «ВАЗ» автокөлігінің жүргізушісі және жол талғамайтын көліктің 3 жолаушысы қаза тапты. «TANK 500» автокөлігінің жүргізушісі аудандық ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Аталған әйел ішкі істер органдарының қызметкері болып саналмайды. Қылмыстық іс Жамбыл облысы Полиция департаментінің өндірісіне берілді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында», – делінген ПД-ның агенттік тілшісіне берген пікірінде.

Белгілі болғандай, тергеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданады.